Түркістан облысы Төлеби ауданы Жаңажол жалпы білім беретін мектебінде Біртұтас тәрбие бағдарламасы аясында Ата аналарды педагогикалық қолдау жұмысының жоспары бойынша “Әкеге өсиет-Анаға қасиет” тақырыбында сабақ өткізілді.
Сабақтың мақсаты:
Ата-аналарға отбасы тәрбиесіндегі әке мен ананың рөлін түсіндіру, ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие берудің маңызын ұғындыру және бала тәрбиесінде ата-ананың жауапкершілігін арттыру. Сонымен қатар, әкенің өсиеті мен ананың қасиеті арқылы баланың адамгершілік, тәртіп, мейірімділік сияқты қасиеттерін қалыптастыру жолдарын қарастыру.
Әке – отбасының тірегі, тәртіп пен талаптың иесі. Әкенің өсиеті – балаға өмірлік бағыт-бағдар беретін ақыл-нақыл, өнеге. Әке баласына еңбекқорлықты, адалдықты, батылдықты үйретеді. “Әке көрген оқ жонар” дегендей, әкенің іс-әрекеті, сөзі мен мінезі баланың болашағына тікелей әсер етеді. Әкенің берген тәрбиесі – баланың қоғамдағы орны мен тұлға болып қалыптасуының негізі.
Ана – мейірімнің, жылулықтың, тәрбиенің қайнар көзі. Ананың қасиеті – балаға деген шексіз махаббатында, қамқорлығында және сабырлылығында. Ана баланың жүрегіне ізгілік, мейірімділік, адамгершілік қасиеттерін дарытады. “Ана сүті бой өсіреді, ана тілі ой өсіреді” деген сөз ананың бала тәрбиесіндегі ерекше орнын көрсетеді.
Бала тәрбиесінде әке мен ананың бірлігі аса маңызды. Егер әке талап қойып, ана қолдау көрсетсе, бала дұрыс бағытта өседі. Ал ата-ананың арасындағы түсіністік пен сыйластық – баланың психологиялық дамуына оң әсер етеді.
Қазіргі қоғамда бала тәрбиесі тек мектептің ғана емес, ең алдымен отбасының міндеті. Сондықтан әр ата-ана өз баласына дұрыс тәрбие беріп, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруі тиіс. Балаға уақыт бөлу, оның қызығушылығын түсіну, жақсы мен жаманды ажырата білуге үйрету – ата-ананың басты міндеті.
Қорытындылай келе, “Әкеге өсиет – анаға қасиет” дегеніміз – ұрпақ тәрбиесіндегі әке мен ананың үйлесімді рөлін білдіреді. Тәрбиелі ұрпақ – ел болашағы. Сондықтан әр отбасы бала тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарап, саналы, білімді, иманды ұрпақ тәрбиелеуге атсалысуы керек.