Түркістан облысы, Төлеби аудандық білім бөліміне қарасты Жаңажол жалпы білім беретін мектебінде 4-сыныптар арасында «ДосболLIKE» жобасы аясында «Сөз құдіреті» тақырыбында жоспарға сай сабақ өтілді.
Сабақтың мақсаты – оқушыларға сөздің күшін, оның адамға әсерін түсіндіру, бір-біріне құрметпен қарауға, достыққа, мейірімділік пен әдептілікке тәрбиелеу.
Сабақ барысында оқушылар жақсы сөз бен жаман сөздің айырмашылығын, жылы сөздің адам көңілін көтеретінін, ал ауыр сөздің реніш тудыратынын мысалдар арқылы түсінді. «ДосболLIKE» жобасының негізгі идеясы – буллингтің алдын алу, сыныпта достық атмосфера қалыптастыру – сабақ мазмұнымен тығыз байланыстырылды.
Оқушылар түрлі тапсырмалар орындап, жағымды сөздер айту, бір-біріне комплимент жасау, жағдаяттық сұрақтарға жауап беру арқылы өз ойларын еркін жеткізді. Сабақ балалардың тіл мәдениетін дамытуға, мейірімді қарым-қатынас орнатуға ықпал етті.
Қорытындысында оқушылар жақсы сөз айту – үлкен ізгілік екенін түсініп, достық пен сыйластықты сақтауға уәде берді.